Бүгін таң ата қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың жұлдызы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, сондай-ақ, Алматыда өткен 28-қысқы Универсиаданың чемпионы Денис Теннің жолына үмітпен қарадық. Алайда, отандасымыз қысқа бағдарламада көрсеткен нәтижесінен кейін "көрермендер" қатарына қосылды.
Тен жеке өнер көрсететін қысқа бағдарламадан 70,12 (30,77 39,35) ұпай жинады. Натижесінде 30 спортшының ішінен 27-ші орынға табан тіреп, ертең еркін бағдарламада өнер көрсететін үздік 24 спортшының қатарына іліне алмады.
Енді шаңғышыларымызға оралар болсақ, бүгін шаңғы жарысынан ерлер арасында еркін стильден 15 шақырымдық жарыс өткен болатын. Онда ел намысын Денис Волотка, Евгений Величко және Виталий Пухкало қорғап, үшеуі де жүлделі орындардан құр қалды. Сонымен аталған қашықтықты отандастарымыз арасынан Пухкало 36:57.4 уақытта бағындырып, мәреге 54-ші болып жетті. Ал Евгений Величко (37:28.6) 61-ші, Волотка болса (37:39.8) 64-ші орынға тұрақтады.
Сондай-ақ, бүгін тау шаңғы жарысынан ел намысын қорғаған Игорь Закурдаев 41-орыннан аса алмады.
Қазақстандықтар үшін бүгінгі жарысты үлкен трамплиннен шаңғымен секіру сайысынан Сергей Ткаченко жақсы көрсеткішпен аяқтады. Ол бұл сайыста 70,9 ұпай жинап, ертең, яғни 17-ші ақпанда өтетін екінші іріктеу сайысына жолдама алды.
Естеріңізге сала кетейік, 9-шы ақпанда алауы тұтанған Ақ Олимиада ойындарына Қазақстан 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар спорттың 9 түрінен ел намысын қорғап жатыр. Ал, жалпы Олимпиада ойындарында спорттың 15 түрінен 102 мадаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс 25-ші ақпанда өз мәресіне жетеді.