Олимпиада комитеті Пхёнчханда 128 адамның ауру жұқтырғанын мәлім етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пхёнчхандағы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті 128 адамның норовирус жұқтырғанын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ТАСС-қа сілтеме жасап.

«8 ақпанда 42 адамның норовирус жұқтырғаны анықталса, соның ішінде 34-і Хореб жастар орталығындағы қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері болып шықты. Олар қазір карантинде. Ганьнун ауданында тағы сегіз жағдай анықталды, олар да карантинге орналастырылды», - делінген ұйымдастыру комитетінің хабарламасында.

Сәрсенбі күні Пхёнчханда ауру жұқтырғандар санының 86 болғаны хабарланған еді.

Сондай-ақ, Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті тағы да вирус анықталған жағдайда, Пхёнчхан билігі қаладағы мейрамханалар мен су тазарту қондырғыларын тексеретінін мәлім етті.

«Вирустың табылуына байланысты билік шаралар қолданып жатыр. Атап айтқанда, орналастыру орындары, мейрамханалар, ауыз суы мен құбыр суы, сондай-ақ суды тазарту қондырғылары тексеріледі», - делінген хабарламада. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Олимпиада ойындарында құқықтық тәртіпті күзетумен айналысатын жеке компанияның 1 200-ден астам қызметкері норовирус салдарынан жұмыстан шеттетілген еді.

Олимпиада ойындарының ашылуы 9 ақпанда Пхёнчхандағы стадионда өтеді.