Оған басты себеп — финалдық айқастар бүгін өтіп, чемпион мен күміс жүлдегер жаңа ғана анықталды.
Ол марапаттау рәсімінен кейінгі әсерін бөлісіп, шағын сұхбат берді.
— Бүгін финалдық жекпе-жектерді көріп, қарсыласымның қаншалықты мықты екенін байқадым. Ал рингте оны өзім сезбеппін. Мықтыны мықты деп мойындау керек. Жалпы, менің дайындық уақытым өте қысқа болып қалды. Лицензияны соңғы турнирде ұтып алдым. Егер жолдаманы Италияда, болмаса Азия ойындарында жеңіп алғанда бұдан да жақсы, үлкен дайындықпен келетін едім. Қола медаль жеңіп алғаныма да қатты қуанып тұрмын. Медальді міне, мойыныма жаңа ғана тақтым. Шешкім келіп тұрған жоқ. Мен бұны ұзақ күттім. Бұрын Геннадий Головкинді тек телевизордан көретінмін. Міне, бүгін қасымда өзі құттықтап, марапаттап жатыр. Мен үшін бұл Олимпиаданың қола жүлдесі — өмірімдегі ең қымбат асыл дүниенің бірі, — деді боксшы марапаттау салтанатынан кейін.
Сондай-ақ, Назым осы медалімен Париждегі Эйфель мұнарасына барып, суретке түсуді армандағанын да айтып өтті.
— Жартылай финалда қола жүлде жеңіп алған соң бас бапкерім Елдос Сайдалин «Эйфель мұнарасына барып, қыдырып фотоға түсіп келейік» деді. Мен «жоқ, Олимпиадада жеңіп алған медаліммен ғана суретке түсемін» деп келісім бермедім. Енді ертең міндетті түрде сол жерде қыдырамын. Ауылымды да сағындым. Ата-анам, туыстарымды да — бәрін қатты сағындым. Қазір елден мен танитын, тіпті танымайтын кісілер де құттықтап қоңырау шалып жатыр. Бастысы Олимпиада жүлдегері екенімді сезініп жатырмын, — дейді Назым Қызайбай.
Естеріңізге сала кетейік, Назым Қызайбай 7 тамыз күні жартылай финалда қытайлық Ву Юмен қолғап түйістіріп, төрешілер шешімімен ұтылған еді.
Дегенмен Олимпиада ойындарының қола жүлдесін қанжығасына байлады.