Олимпиада өтетін Риодағы ұрлық саны соңғы 11 жылдың ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияның Рио-де-Жанейро штатында ұрлық-қарлық пен тонау саны соңғы 11 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр.

Жергілікті қоғамдық қауіпсіздік институтының хабарлауынша, биылғы қаңтар-мамыр айларында аталған қылмыс бойынша 48429 оқиға тіркелген.

Бұл - соңғы 11 жыл ішіндегі ең нашар көрсеткіш. 2006 жылдың қаңтар-мамыр айларында 24895 тонау қылмысы тіркелген. Осылайша, бүгінгі таңда дәл осындай қылмыс түрі 90 пайызға көбейіп отыр.

Рио-де-Жанейродағы қылмыстың жоғары деңгейі тамыз айында өтетін Олимпиада ойындарын ұйымдастырушылардың басты түйткілі болып отыр.

XXXI жазғы Олимпиада ойындары Рио-де-Жанейрода 2016 жылдың 5-21 тамыз күндері өтеді және бұл - Оңтүстік Америкада өтетін тұңғыш Олимпиада.