"Олимпиада ойындары - Лондон 2012" тақырыбындағы арт-шығармалар байқауы жарияланды

АЛМАТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бритиш Консул үздік арт-шығармаларға байқау жариялады. "Олимпиада ойындары - Лондон 2012" тақырыбы бойынша өтетін бұл сайысқа 16 мен 35 жас аралығындағы кез келген қазақстандық тәуелсіз суретшілер мен дизайнерлер қатыса алады.

Олардың арасында өз бағын сынауға университет, көркемсурет мектептері мен студияларының студенттеріне де мүмкіндік беріліп отыр.

Жеңімпазға 1 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаржылай сыйлық беріліп, шығармасы 1 жыл бойы Бритиш Консул кеңсесіне келушілердің тамашалауына ұсынылады. Онда қазіргі заманғы компьютер мен сандық технологияның көмегімен салынған үздік шығармаларға 300 доллар көлеміндегі арнайы жүлде тағайындалып отыр. Сондай-ақ байқау жеңімпазы мен 7 жүлдегерге Бритиш Консул сертификаттары мен әлемдік әйгілі брендтердің кәсіби құрал-жабдықтарының топтамасы сыйға берілмек. Ал ақтық турына шыққан барлық үміткерлердің шығармалары үшін қазан айында Алматыда арнайы көрме ұйымдастырылмақ.