Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардан бірінші болып садақ атушылар бақ сынайды

None
АЛМАТЫ. 27 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Лондонда өтіп жатқан ХХХ Жазғы олимпиада ойындарында садақ атушылар арасында қазақстандық 2 спортшы жекелей сында іріктеу ойындарын өткізеді.

Спорт және дене шынықтыру агенттігі ұсынған бағдарламаға сәйкес, қазір онда Алматы облысының өкілі Денис Ганькин бақ сынауда. Ал түске қарай  батысқазақстандық Анастасия Баннова алғашқы сынға қатысады. Олар төрт жылда 1 рет өтетін бұл дүбірлі доданың нормативін 18-23 маусым күндері АҚШ-тың Огден қаласында өткен әлемдік іріктеу турнирінде орындаған болатын.  Онда 26 ақпанда 23 жасқа толған Анастасия - сегізінші, ал  13 желтоқсанда 23-ке толғалы отырған Денис алтыншы орыннан көрінген еді.

Жалпы Лондондағы бұл дүбірлі додада 4 медальдар жиынтығы сарапқа салынбақ. 30 шілде мен 1 тамыз аралығында  1/32 және 1/32 финалдық ойындары, 2 тамызда - әйелдер, 3 тамызда ерлер арасындағы  жүлдегерлердің есімдері белгілі болады.

Айта кетейік, ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанаты бүгін кешке өтеді.