Олимпиада ойындарындағы 30 жыл: Қазақстан спортшылары қанша медаль алды

Биыл Қазақстанның Олимпиадалық қозғалысқа қосылғанына 30 жыл толды. Осыған орай ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті еліміздің танымал спортшылары мен спорт қайраткерлерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті 1990 жылы 3 ақпанда құрылған, 1992 жылы ҚР ҰОК ресми тіркеліп, оны 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті мойындаған. Отыз жылда Қазақстан 7 жазғы Олимпиада ойынына қатысып, 71 медальді ел қоржынына салды, оның ішінде 14 алтын медаль бар.


Бүгінде ҚР ҰОК олимпиадалық ойындарда ғана емес, ХОК ұйымдастыратын аймақтық, құрлықтық және бүкіләлемдік жарыстарда ел мүддесін қорғап келеді.

Мерейтойға орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің спортшылары, жаттықтырушылары мен спорт ардагерлеріне құттықтау жолдады. Құттықтау хатын Президент көмекшісі Руслан Желдібай оқып берді.


«Сіздер Олимпиада құндылықтарын дәріптеп, өскелең ұрпақты спортқа баулуға және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келесіздер. Соның нәтижесінде өрендеріміз талай байрақты бәсекеде табысты өнер көрсетіп жүр. Олар Олимпиада ойындарынан, әлем біріншіліктерінен және Азия чемпионаттарынан ел қоржынына жүздеген жүлде салды. Саңлақтарымыздың есімі әлемдік спорт жылнамасына алтын әріппен жазылды. Мемлекет олимпиада қозғалысын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біз Халықаралық олимпиада комитетімен және басқа да беделді ұйымдармен ықпалдастықты нығайта береміз», - деп құттықтады Мемлекет басшысы.


Сонымен бірге, Халықаралық олимпиадалық комитет президенті Томас Бах және әлемдік спорттағы басқа да беделді тұлғалар қазақстандық спорт қайраткерлері мен спортшыларына құттықтау жолдады.

ХОК президенті Томас Бах Қазақстан өзін халықаралық спорттық шараларды өткізуде тамаша ұйымдастырушы және қонақжай ел ретінде танытқанын, 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан өтінішін барлық олимпиадалық спорттық қауымдастық жоғары бағалағанын атап өтті.

«Сіздер 30 жылдағы жетістіктеріңізді мақтанышпен мәлімдей аласыздар. Осы уақыт ішінде барлық спортшыларыңыз өз шеберлігімен Қазақстанды халықаралық спорт қауымдастығының картасына мықтап бекітті. Спорт алаңдарының сыртында да қоғамдағы олимпиадалық рухты ілгерілетіп, олимпизмнің түрлі әлеуметтік бағдарламалары арқылы қазақстандықтардың спортқа құлшынысын оята алдыңыздар. Ең алдымен әлбетте, бұл 79 олимпиада медалін тарту еткен спортшыларыңыздың жоғары жетістігі. Бұл шынында мақтануға тұрарлық жетістіктер», - деді Т. Бах бейнеқұттықтауда.


ҚР Ұлттық олимпиада комитеті 1993 жылдан бастап халықаралық институт ретінде қалыптасып, Халықаралық олимпиадалық комитетімен бірлесіп жұмыс істеп келеді.

1994 жылы елімізге алғашқы Олимпиада медалін шаңғышы Владимир Смирнов Норвегиядан әкелді. Екі жылдан соң Атлантада спортшыларымыз 11 медаль жеңіп алды. 30 жылда Қазақстан 7 жазғы олимпиадалық ойынға қатысып, 71 медальді ел қоржынына салды, оның ішінде 14 алтын медаль бар. Сондай-ақ еліміздің спортшылары қысқы Олимпиада ойындарынан түрлі дәрежедегі 8 медальді иеленді, оның ішінде 1 алтын бар. Бұл алтын жүлдені 1994 жылы Лиллехаммерде Владимир Смирнов жеңіп алып, қанжығаға тағы 2 күміс медаль салған болатын.


1998 жылы Наганода Людмила Прокашева мен Владимир Смирнов екі қола медаль алды. Қысқы Олимпиада ойындары құрамасының қоржынына Ванкуверде биотлонист Елена Хрусталева күміс жүлде қосса, 2014 жылы Сочидегі Олимпиадада – мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қола медальмен толықтырды. Ал 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Олимпиадада фристайлдан Юлия Галышева қола медаль тақты.

Сидней-2000 жазғы Олимпиадасында Қазақстан боксы жаңа белеске көтерілді. Ермахан Ибраимов пен 20 жастағы Бекзат Саттарханов алтын алып, ел атын асқақтатты. Дәл осы Олимпиадада жеңіл атлетші Ольга Шишигина топ жарды. Одан кейінгі қатарынан үш Олимпиадада Ольга Рыпакова бірнеше медель жеңіп алды: Бейжіңде – күміс, Лондонда – алтын, Риода – күміс.


Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындары Қазақстан құрамасы үшін жеңіске толы болды. Құрама есебі 17 медальға толды, оның ішінде 2- алтын, 5 – күміс және 10 қола жүлде бар. 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында Дмитрий Баландин Қазақстанның жүлде қорына жүзуден тұңғыш рет алтын медаль салды. Бокстан таланантты спортшымыз Данияр Елеусінов алтын медаль тақты. Осылайша Данияр Елеусінов еліміздің Василий Жиров, Бақтияр Артаев, Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сапиев сынды танымал спортшылардың қатарын толықтырды. 2012 жылы жеңіс тұғынан түспеген спортшымыз Александр Винокуров Лондонда өткен Олимпиадада велоспорттан соңғы жарысына қатысты.

Сонымен бірге, Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыстың 30 жылдығына орай еліміздің танымал спортшыларына мерейтойлық марапаттар берілді.


Олимпиада ойындарынан үш мәрте медаль алған Ольга Рыпаковаға (жеңіл атлектика), бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановқа, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Цхайға, ҚР ҰОК Спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатовқа ұйымның ең жоғары марапаты – ҚР ҰОК ордені берілді.

Бокстан Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, Олимпиада ойындарында бокстан жеңіске жеткен Иван Дычко, Болат Жұмаділов, Василий Левит, дзюдодан Олимпиада ойындарының жеңімпаздары Асхат Жіткеев, сондай-ақ Олимпиада ойындарында қола алған Людмила Прокашеваға (коньки спорты), Арман Шілмановқа (таеквондо), Елена Шалыгинаға (әйелдер күресі), бокстан танымал жаттықтырушы Ғалымбек Кенжебаевқа, Олимпиада ойындарының ауыр атлетикадан жеңімпаздары Денис Уланов пен Жазира Жаппарқұлға, еркін күрестен Олимпиада жеңімпазы Ақжүрек Таңатаровқа, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшақаловқа І және ІІ дәрежелі марапаттар табысталды.

Сондай-ақ, еліміздің атақты жаттықтырушылары Мәдиғали Қарсыбеков (шорт-трек) пен Оксана Тен (мәнерлеп сырғанау) құрмет белгісін алды.