Олимпиада жолдамаларына таласатын балуандар белгілі

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Бапкерлер кеңесінің шешімі бойынша Тайваньда өтетін әлемдік іріктеу турнирінде күресетін балуандар есімі жарияланды.

Бұған дейін хабарланғандай, 18-22 сәуір аралығында өтетін Қазақстан чемпионатында іріктеу өткізілмейді.

«Аламанның» мәліметінше, 27-29 сәуір аралығында Олимпиада жолдамалары үшін күресетін спортшылар тізімі төмендегідей:

Еркін күрестен Қазақстан құрамасында 84 келі салмақ дәрежесінде жолдама жоқ. Астанада өткен Азия іріктеу турнирында Семен Семенов жартылай финалда сүрінді. Енді, Қытайдың боз кілеміне Ермек Байдуашев шығады. Байдуашев Азия ойындары және Азия чемпионатының жүлдегері.

Грек-рим күресінен 55 келі және 96 келі салмақтарында жолдама жоқ. Астанадағы турнирде Асқат Құдайбергенов күресіп, жартылай финалда әлемнің бес дүркін чемпионы ирандық Хамит Суриянға ұтылды. Бұл жолы да Асқат Құдайбергеновке сенім артылды.

96 келіде де Марғұлан Әсембеков жартылай финалда ұтылған болатын. Енді, Тайваньда Жасұлан Сыдықов бағын сынамақ.

Әйелдер құрамасында 1 лицензия кем. 55 келідегі Айым Әбілдинаның жеңілісінен соң, Айжан Смағұлова Қытайда өнер көрсетеді. Ол осы жылы Гумида (Корея) өткен Азия чемпионатында қола медаль еншілеген болатын.