Олимпиада жүлдегері Дархан Асаділов каратэден ұлттық құрама тізгінін ұстады

Фото: Фото: instagram.com/kaz_karateofficial

АСТАНА. KAZINFORM — Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.

Қазақстан каратэ федерациясынан мәлім еткеніндей, Дархан кәсіби спортта айтулы табысқа қол жеткізген. 

Бұл ретте Токио Олимпиадасындағы (-60 кг) қола жүлдені, әлем чемпионатының күмісі (2008) мен қоласын (2018), Гуанчжоудағы Азия ойындарының алтынын атап айтуға болады. 

Сондай-ақ ол — спорттың осы түріндегі ең беделді жарыс Karate-1 Премьер-лига бәсекесінің 8 дүркін жеңімпазы.

Дархан Асаділов осыған дейін Шымкент қаласындағы спорт мектебінде және Қазақстан жастар құрама командасында жаттықтырушы болды.

Асаділов үшін бас бапкер қызметіндегі алғашқы халықаралық жарыс мамырдың аяғында Ташкентте өтетін Азия чемпионаты болады.

Бас бапкердің алдағы мақсаты — Ұлттық құраманың жаттықтырушылар қосынын жасақтау, келесі жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып, жоғары нәтиже көрсету.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада дзюдодан әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтетінін жазған болатынбыз.