Спортшының олимпиадада алған жүлдесі - оның талай жылғы теккен тері мен шеберлігінің көрінісі. Ол түрткіл дүниенің мықтылары жиналған бәсекеде 120 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, отандастарын тарихи оқиғаға куә еткені мәлім.
Бұған қоса балуан Азия чемпионатының 5 дүркін чемпионы.
«Кездесу барысында Д.Шабанбай өзінің спорттық мансабы туралы, үлкен додаларда жеңіске жеткен сәттері жайында бөлісті. Оның айтқан әсерлі әңгімелері сотталғандарды алға қойған игі мақсаттарына жетуге итермелейтіні сөзсіз. Шебер, жазасын өтеп жатқан азаматтарға өзінің күрестегі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, спортта тек күш-қайрат қана емес, рухани даму, жан-жақты іздену де маңызды екенін атап өтті. Сөз соңында ол мұндай кездесулердің өзі үшін мәні жоғары екенін жеткізді. Ал сотталушыларға өз отбасыларына тезірек оралуын тіледі. Осылайша мұнда мерзімді жазасын өтеп отырғандар чемпионнан жылы лебіз естіді. Бұл мекемедегі тәрбие ісінің оң дамуына әсер етеді», деп хабарлады түзеу мекемесі бастығының орынбасары Нұрлан Тойғанбаев.
Айтып өтейік, Дәулет Шабанбай бүгінде еркін күрестен жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Еліміздің болашақ олимпиада чемпиондарын дайындауда.