ҚР Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған доданың екінші күні жанкүйерлер үшін жарқын эмоциялар мен қайталанбас сәттерге толы болды.
Алдымен ерлер сынға түсті. 62 келі салмақта Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Фархат Харкиге тең келер ешкім болмады. Жұлқи көтеруде бір ғана мүмкіндік пайдаланғанына қарамастан (115 150) спортшы көш бастады. Екінші орынды Қызылорда облысының өкілі Ерасыл Ергенбай (101 135) иеленді. Үшінші орынға тұрақтаған қос бірдей спортшы Владимир Абрамов (106 129) пен Игорь Вовчук (105 130) бәсекені бірдей нәтижемен (235 келі) аяқтады. Алайда, ережеге сәйкес, қола жүлде бұл салмақты алғашқы болып бағындырған Владимир Абрамовқа бұйырды.
Әйелдер арасында 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Сәуле Садуақасова (91 121) жеңімпаз болды. Екінші, үшінші орындарды ШҚО атлеттері Лидия Ануфриева (83 102) мен Елизавета Белоусова (74 92) жеңіп алды.
40 келіде Әсем Садықова қарсыласы Александра Яковлевадан (83 102) озып, бірінші орынға (100 125) қол жеткізді. Жеңіс тұғырының үшінші сатысына Махаббат Серікболқызы жайғасты.
Естеріңізге сала кетейік, ауыр атлетикадан ҚР жеке командалық кубогы мен чемпионатына еліміздің 14 облысынан және Алматы, Астана қалаларынан 132 атлет қатысуда.
Бүгін, яғни 16 мамыр күні жарыс алаңына әйелдер арасында -90 және 90 келі салмақтағы атлеттер шықса, ерлерден 77 келі салмақтың мықтылары анықталады.