Токио төрінде өткен додада әлемнің ең үздік боксшыларымен тайталасып, Алаштың мерейін асырған жерлесімізді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан жастары, спортшының әріптестері, туған-туыстары мен достары қарсы алды. Қазақстанның абыройын асқақтатқан боксшыға Түркістан облысының кәсіпкерлері темір тұлпар мінгізді.
«Түркістан облысының тарихында алғашқы Олимпиада медалін ұтып алған Сәкен өзін үздік спортшы екенін көрсетеді. Оған барлығымыз жанкүйер болдық, куә болдық. Бұл алтынға бергісіз қола жүлде болды. Бізге үлкен мәртебе. Түркістан облысының барлық спортшыларына жеңіс тұғырынан көрінуге тілектеспіз»,- деді облыс әкімі.
Бокстан Токио Олимпиадасында 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен 24 жастағы спортшы жартылай финалдық жекпе-жекте Ұлыбритания спортшысы Галал Яфаймен кездесіп, Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
Сәкен Бибосынов - Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны. Отбасындағы үш ұлдың кенжесі.
Ұлттық құрама мүшесі. Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының қола жүлдегері. Отандасымыз Токио төрінде 4 кездесу өткізді.
Соның бірі - Сәкен Бибосынов қола медальге ие болып, сенімді ақтады.