«Спорттық десант» спортшылар арасында ауыр атлетика бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпияда ойындарының қола жүлдегері, 2016 жылғы Азия чемпионы Денис Ұланов, сондай-ақ 2016 жылғы Азия чемпионы Рустем Сыбай, Олимпиада ойындарының жеңіл атлетика бойынша екі мәрте чемпионы Ольга Рыпакова, әскери қызметшілер арасында дзюдодан әлем чемпионы Гусман Қырғызбаев және басқалар бар.
Спортшылар мерзімді қызметтегі жауынгерлермен, әскери қызметшілердің балаларымен және «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, шеберлік сабақтарын өткізіп, кездесуге қатысушыларымен тілдесті. Спортшылар 35748 әскери бөлімінің базасында «спорттық аллеяға» ағаш отырғызу дәстүрін қалыптастырғандарын атап өткен жөн.
Ауыр атлетика бойынша АОСК штаттық командасының спортшысы Рустем Сыбай: «Маған бүгінгі кездесу қатты ұнады. Балаларға да, сарбаздарға да спорт шын мәнінде қызықты екендігі көрініп тұр. Осындай энергетиканы сезінгенде, өзің де жүз пайыз берілесің. Өміріңде болып өткен қызықты оқиғаларды еске алып, сезімдеріңмен бөліскің келеді. Біздің осында келген мақсатымыз - жас ұрпақ бізден үлгі алып, спортты және саламатты өмір салтын таңдаса екен деген ой», - деді.
«Спорттық десант» акциясы саламатты өмір салтын насихаттаудың ерекше түрі болып табылады және жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуді нығайтуға елеулі үлес қосады. Алдағы уақыттарда акцияға қатысушылар өз жұмыстарын ҚР Қарулы Күштерінің басқа да әскери бөлімдері мен мекемелерінде жалғастырып, осындай кездесулер өткізеді.