Бұл туралы бүгін Ақордада өткен спорттағы жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
«Әрине, қазіргі кезде біздің спортшылардың бәрінің назары олимпиадаға ауып кеткені түсінікті. Бірақ, қайтып келгеннен кейін сіздер арнайы жоспар жасауларыңыз керек. Оған сай спортшылардың барлығы, әсіресе олимпиаданың чемпиондарын, күміс, қола жүлдегелерін өңір-өңірге бөліп жіберу керек. Онда олар той тойлап, шапан киіп, ат мініп жүрмей, студенттердің ортасына барып, кездесулер өткізсін. Костюмдерін спорттық киімге алмастырып, спорт залында солармен бірге жаттықсын. Бұл әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын», - деді ол ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевке қарата.
Бұл ретте М.Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысы Елбасы Н.Назарбаев қай өңірге барса да, жанына спортты серік етіп, оны үнемі насихаттайтынын баса айтты.
«Мінекей сол жағынан келген кезде олимпиада чемпионымен бірге бір залда шұғылдандым деген сөзді олар өмір бойы ұмытпайтын болады. Патриоттық тәрбиелеу осындайдан басталады. Осыған назар аудару керек деп есептеймін», - деді ол.