Олимпиадада чемпион болады деп ешкімді айта алмаймын - Несіп Жүнісбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарына байланысты 10 Олимпиаданың көзін көрген белгілі спорт журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаев өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз талай Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының жетістіктеріне куә болған, том-том кітаптар шығарған Несіп Жүнісбаев мырзадан биылғы «Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарында кімдерге үміт артуға болады» деген сауал тастаған болатынбыз.

«Ең әуелі шаңғы спортынан Алексей Полтораниннің мүмкіндігі бар деп бағалаймын. Ол жігіт осыған дейін «бірде бие, бірде түйе» болып жортып жүр. Биыл оның соңғы мүмкіндігі. Енді төрт жылдан кейін ол Олимпиадаға барып медаль алады дегенге өз басым сенбеймін. Сондықтан ол Пхенчханда 10-15 шақырымның біреуінде соңғы рет бар күш-жігерін сарқып, медальға ұмтылатын болуы мүмкін», - деп атап өтті ол.

Несіп Жүнісбаевтың пікірінше, Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышева және қазақтың қаракөз қызы Жанбота Алдабергеноваларға үміт артуға болады. «Өз басым осы аты аталған спортшылар ел қоржынына жүлде салса екен деп армандаймын», - деді спорт журналистикасының ардагері.

«Үшінші, шорт-тректен Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев бастаған жігіттеріміз жүлдеге ілігіп қалуы мүмкін. Бірақ, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде, атап айтқанда Кореяда өткен жарыстарда біздің жігіттерге өте қиын болады. Себебі, Кореяның өзінің жігіттері керемет, Қытай да жаман емес, жапондар да бұл спорт түріне ерекше көңіл бөлген. Десе де, өз басым жүлдеге ілініп қалады-ау деп жоспарлап отырмын», - дейді Н.Жүнісбаев.

Оның айтуынша, Қысқы Олимпиада ойындарында біз үміт артатын спортшылар санаулы ғана.

«Осы мен атаған спортшылар арасынан екі-үш медаль алып жатса да, жаман болмас еді. Бірақ, кейде, аяқ-астынан айымыз оңынан туып күтпеген медальдар болуы да ғажап емес. Ондай сәттілік болып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өз басым мынау чемпион болады деп ешкімнің маңдайынан шертіп айта алмаймын, жүлдегер атанып жатса да үлкен жетістік болар еді», - деп атап өтті Несіп Жүнісбаев.

Фото: e-history.kz