Олимпиадада жүлделі орындарға іліккен 26 елдің ішінде Қазақстан бір күмісімен 22-ші орында

АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат - Төрткүл дүниенің назарын өзіне аудартқан Канаданың Ванкувер қаласындағы қысқы Олимпиада ойындарының 8-ші күнгі бейресми мәліметтерге сәйкес жалпы 20 медаль жеңіп алған АҚШ құрамасы көш бастап келеді. Олардың қоржынында 6 алтын, 6 күміс және 8 қола жүлде бар. Одан кейінгі орында 5 алтын олжалаған Норвегия тұрақтаса, алғашқы үштікті 4 алтыны бар Германия тұйықтады.

Ванкувер Олимпиадасы көрші Ресей мемлекетінің оң жамбасына бір келмей-ақ қойды. Дүбірлі дода басталмай жатып спортшыларының 50-ге жуық жүлделі орынға ілігетінін жер-жаһанға жар салған Ресей қоржынындағы жалғыз алтынмен 11-ші орынға табан тіреді. Жүлделі орындарға іліккен 26 елдің ішінде Қазақстан бір күмісімен 22-ші орында.

Жалпы алтын алған мемлекеттер қатарында Канада (4), Оңтүстік Корея (3), Швейцария (3), Франция (2), Қытай (2), Швеция (2), Австрия, Голландия, Австралия, Словакия, Чехия, Ұлыбритания (барлығында 1 алтыннан) бар.