Спортшы бұл жағдайды өміріндегі сынақ ретінде қабылдайтынын және күресіп жатқанын мәлімдеді.
– Бәрі мені сынап жатыр ғой. «Кезінде жол апатына ұшырадың, мас күйде болдың» деп. Иә, мен мойындаймын. Менде Олимпиададан кейін алкогольге, алкоголизмге жақындығым, әуестігім бар. Ол күлетін нәрсе емес. Бірақ адамдар қазір күледі. Өзінің басына келмегеннен кейін түсінбейді. Кезінде мен де күлгенмін, жас кезімде түсінбейтінмін. Абайлаңыздар, қазір бұл мәселемен күресіп жатырмын, – деді Данияр Елеусінов Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, адамның басына түскен қиындықты сырттан бағалау оңай. Спортшы әр адамның өмірінде әртүрлі сынақ болатынын атап өтті.
– Мен әлем чемпионы, Азия ойындарын бәрін ұтуым керек болған адаммын. Бірақ менде осы сынақ, басқа адамдарда басқаша сынақ. Әлем чемпионы болмай, бірақ басқа жағынан мықты болады. Сол сияқты ғой. Өмір ғой. Өздеріңіздің басыңызға келмей сынай бермеңіздер, – деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Данияр Елеусіновтың Астанада ұсталғаны туралы жазған едік.