«Осы уақытқа дейін дейін біз Тараз қаласында болдық. Ол жақта оқу-жаттығу жиындары өтті. Енді, алдағы сәуір айында Әлем кубогы бар. Соған дайындаламыз. Одан кейін мамыр айында Қазақстан чемпионаты болады. Сол кезде бірінші және екінші нөмірлер анықталады», - деді Д.Қартықов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Рио Олимпиадасынан кейін біршама тәжірибе бар. Алайда Токиоға жолдама алу үшін әлі біраз жұмыс жасау қажет. «Бір Олимпиададан өттік, көрдік. Енді, болашақта 2020 жылдағы Олимпиадаға бар күш-жігерді салып, тер төгіп, жұмыс істеу керек. Ол үшін биылғы Қазақстан чемпионатынан өту қажет. Сосын келесі жылдан бастап жолдамалар ойнатылады. Әлем чемпионатында алтыншы орынға дейін беріледі. Бұдан бөлек, Азия чемпионаты тағы бар. Ол жерде бірінші және екінші орын алғандарға жолдамалар таратылады. Негізі, қазіргі кезде спортшылар арасындағы бәсеке қатты болып тұр. Осыдан бес-алты жыл бұрын, көбінесе, Ресей мен Иран палуандары жеңіс тұғырынан көрінетін еді. Қазір жан-жақтын - Кореядан, Жапониядан, өзіміздің көршіміз қырғыз бен өзбек палуандарынан мықты спортшылар шығып жатыр», - деп атап көрсетті Д.Қартықов.
Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен Әлем чемпионатында Досжан Қартықов (75 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Соның арқасында Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Ал Олимпиада ойындары кезінде бірінші айналымда өз қарсыласын жеңсе, екінші айналымда ұтылып қалды.
Фото: Kazakhstan Wrestling Online | Балуандар шаңырағы- vk.com