ОРАЛ. KAZINFORM — Өзбекстанның Самарқан қаласында байдарка мен каноэ есуден ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында батысқазақстандық Мария Бровкова жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Мария 500 метр қашықтықта каноэ есуден қола жүлдені жеңіп алды.
Қазақстандық ескек есу шебері украиналық және чилилік спортшыдан кейін мәре сызығын үшінші болып қиды. Бұл – 19 жастағы Мария Бровкованың ересектер арасында әлем біріншілігіндегі алғашқы медалі. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында топ жарған болатын.
Аталмыш чемпионат одан әрі жалғасуда.
Мария Бровкова сонымен қатар микстан (екі ер, екі әйел адам) 500 метр қашықтықта финалға шықты. Финалдық жүзу кейін болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мария Бровкованың Олимпиадада ел үмітін ақтауға күш салатыны туралы жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).