Олимпиадаға қатысушы спортшыларды дәріптейтін мүшайра өтеді

None
АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Төрт жылда бір келетін әлемдік дода - жазғы Олимпиада ойындары биыл Лондонда жалауын көтерді.

Байрақты бәсекеге қазақ елінің атынан 116 спортшы жол тартты, олар спорттың 25 түрінен ел намысын қорғайтын болады.
Қазақтың атын аспандатар алып ойын алаңында батырлар сынға түссе, қара сөздің қаймағын қалқыған ақындар да аянып қалмасы анық. Руханият әлеміне өзіндік үлесін қосып келе жатқан massagan.com ұлттық веб-порталы мен «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі алаштың арманын арқалап ағылшын жеріне аттанған спортшыларымыздың мерейін үстем ету, олимпиада жеңімпаздарын бұқара халыққа насихаттау мақсатында мүшәйра ұйымдастырып отыр. «ЕРДІҢ ЖЕҢІСІ - ЕЛДІҢ ЖЕҢІСІ» тақырындағы жазба ақындар мүшәйрасына қатысатын үміткерлердің жасына шектеу қойылмайды. 
Мүшәйраға әр ақын үш өлеңмен қатыса алады.
1. Тәуелсіздік жылдарында қазақ елінің атағын аспандатқан спортшыларға немесе Лондон олимпиадасына қатысушы қазақстандық спортшы(лар)ға арналған өлең.
2. Лондон олимпиадасының жеңімпазы атанған қазақстандық спортшы(лар)ға арналған өлең.
3. Еркін тақырыптағы өлең.

«Мүшәйраға жіберілген өлеңдердің көлемі 15-20 шумақтан аспауы керек. Автордың толық аты-жөні, мекен-жайы, телефоны жазылған мәлімет пен шығармасы massagan.com@gmail.com электронды мекен-жайына 2012 жылдың 13 тамызына дейін жіберілуі тиіс», делінген хабарламада.
Мүшайра қорытындысы тамыздың 15-сінде жарияланады. Қазылар алқасының төрелігімен жеңімпаздарға жүлделі орындар белгіленіп, олар марапатталады. Және «Ең жас ақын» номинациясы бойынша атаулы сыйлық беріледі.