ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шорт-тректен Қазақстан құрамасының тағы екі жолдама иеленуіне байланысты Олимпиадаға қосымша кімдердің қатысатыны белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбековтің айтуынша, 1500 метр қашықтықта алдағы Олимпиадада Нұрберген Жұмағазиевпен бірге Еркебұлан Шамуханов бақ сынайтын болды. Сондай-ақ 5 мың метрлік ерлер эстафетасына қатысу үшін Қазақстан құрамасы сапында Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шамуханов және резервте Мерсаид Жақсыбаев дайындалуда.
Бұдан бұрын Қазақстан құрамасы он жолдама иеленген болатын. Яғни 500 метрлік қашықтықта Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша және Нұрберген Жұмағазиев жүлде үшін таласқа түседі. Нұрберген сондай-ақ 1 мың және 1500 метрден бәйгеге қатысады. Қыздардан Анастасия Крестова 500, 1000 және 1500 метр қашықтықта бағын сынайды. Оған қоса Әлия Ким (Ким Йонг А) 1000 және 1500 метрден айдынға шығады.
«Қазіргі кезде Жапонияда жаттығудамыз. Олимпиада ойындарында медаль алу үшін барымызды саламыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).