АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 7 маусымда дзюдодан 60 келі салмақтағы үш балуан арасында Париж Олимпиадасының қатысушысын анықтау мақсатында іріктеу белдесуі өткізіледі.
Қазақстан дзюдо федерациясы олимпиадалық рейтингте Олимпиадаға қатысуға үміткер спортшылар арасында іріктеу белдесуін өткізу жөнінде ұйғарымға келді.
Қазір Алматы қаласында ел құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Сол оқу-жаттығу жиыны барысында Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетсек, Халықаралық дзюдо федерациясының және Халықаралық Олимпиада комитетінің ережесі бойынша жазғы Олимпиада ойындарына дзюдодан әр салмақта бір елден жалғыз спортшыдан қатыса алады.
Ел құрамасында 60 келі салмақта Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин Олимпиада рейтингінде жолдама иегерлері тізімінде тұр.
Іріктеу белдесу жабық форматта өткізіледі. Басталуы 11:00-ге белгіленген.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.