АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының финалдық олимпиадалық іріктеу кезеңіндегі екінші ойыны Австрияға қарсы өтті.
Бұл кездесуде қазақстандық құрама сапынан Дмитрий Бреус ойынның 2-минутында шайба салса, 43-минутта австриялық хоккейші Рафаэль Хербургер есепті теңестірді.
Ал қазақстандық Тамирлан Гайтамиров 53-минутта соққан шайба Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Есеп - 2:1.
Енді қазақстандық хоккейшілер 1 қыркүйекте 21:00-де Словакиямен кездеседі.
Қазақстандық хоккейшілер бұған дейін Қысқы Олимпиадада 1998, 2006 жылдары бақ сынауға мүмкіндік алды.
1998 жылы жалпы командалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. 2006 жылы топтық кезеңде бесінші орынды қанағат тұтып, жарысты жалғастырудан тыс қалды.
Ал 2002, 2010, 2014, 2018, 2022 жылдарда іріктеу кезеңінен аса алған жоқ.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы Венгрияны 5:2 есебімен тізе бүктірді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.