Олимпиадалық дайындық орталығы Өскеменнен Щучьеге көшірілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық Олимпиадалық дайындық орталығы Өскеменнен Щучьеге көшіріледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қысқы спорт түрлерін одан әрі дамыту үшін Республикалық Олипиадалық дайындық орталығын Өскеменнен Щучье қаласына орналастыру туралы шешім қабылданды. 2018 жылдың қаңтарында Щучье қаласында республикалық шаңғы спорты базасы құрылысының бірінші кезеңін пайдалануға беру жоспарлануда. Осыған байланысты министрлік қысқы спорт түрлері бойынша республикалық Олимпиадалық дайындық орталығын Щучье қаласында жаңадан салынған шаңғы базасына орналастыру туралы қаулы жобасын әзірледі. Осы қаулыны қолдауларыңызды сұраймын», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қазақстандықтар спорттың екі түрінен 13, атап айтқанда биатлоннан 10, мәнерлеп сырғанаудан 3 лицензия алып үлгерген.

«17 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Эливабет Тұрсынованың Хельсинкидегі чемпионатта тамаша өнерінің арқасында  Қазақстан  өз тарихында алғаш рет жеке мәнерлеп сырғанаудан Олимпиадаға 2 спортшы қатыстыратын болады. Сонымен қатар қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен  осы әлемдік бәсекедегі үшінші лицензияны жеңіп алды», - деді министр.