Олимпиадалық іріктеуде жолдамадан қағылдық

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат  - Қытайдың Цинбао қаласында бадминтоннан Олимпиадаға жолдама тарататын Азия чемпионаты өтіп жатыр.

"Аламан" спорт агенттігінің мәліметінше, өкінішке қарай, бұл сынға аттанған қазақстандық спортшылардың барлығы бірінші кездесуде  жеңіліс тауып, лицензиядан қағылды.

Ерлер арасында Вячеслав Массимов таиландтық Танангсок Саенсомбоонсукке шамасы жетпеді - 9:21, 11:21. Ал Артур Ниязов сингапурлық Дионисиус Хауом Рмбакаға есе жіберді - 10:21, 8:21.

Жұптық кездесуде Артур Ниязов пен Асқар Орманов қытайлық Ли Циаолонг/Джан Кю одағынан ұтылды - 7:21, 6:21.

Осылайша, Қазақстан бадминтоншылары Лондон жолдамасын иелене алмады.