Олимпиаданың үшінші күні медальсыз қалдық: Данияр Шамшаев алғашқы белдесуінде ұтылды
ПАРИЖ. KAZINFORM — Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық татами шебері Данияр Шамшаев алғашқы белдесуінде ұтылып қалды.
73 келі салмақта ел намысын қорғаған Данияр Шамшаев бірінші белдесуінде өзбекстандық Муроджон Юлдошевқа есе жіберіп жарысты аяқтады.
«Мен Олимпиада ойындарына толық дайындықсыз келдім. Оқу-жаттығу жиындарым аз болып қалды. Олимпиада алдында бір айдай асқазаным ауырып, көп уақытымды емделуге жіберіп алдым. Алда әлі талай додалар бар ғой, бұл Олимпиадада жолым болмады. Бір сәтсіздік бір сабақ дегендей, болашақта еліміздің намысын абыроймен қорғаймын деп ойлаймын», - деді Шамшаев.
Естеріңізге сала кетсек, кеше дзюдодан 66 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев қола медаль жеңіп алса, алғашқы жарыс күні Елдос Сметов чемпион атанған болатын.
Олимпиаданың үшінші жарыс күні — көп тәжірибе жинақтап, алайда медальсыз қалған күн болды.