Олимпиаданың күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл - жеті баланың кенжесі (ВИДЕО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ауыр атлетикадан әйелдер арасындағы 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұл қоржынына екінші күміс жүлдені сыйлады. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 259 келіні бағындырды.

Жазира серпе көтеруде алдымен 140 келіге тапсырыс берді. Алайда оны бағындыра алмады. екінші мүмкіндігінде ол осы салмаққа қайта ұсыныс беріп, екіншісінде еркін көтерді. Ал үшінші  мүмкіндігінде Жазира Жаппарқұл 144 келіні бағындырды. Қос сайыстың қорытындысы бойынша жерлесіміз 259 келімен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері және қазақ қыздарынан тұңғыш олимпиада жүлдегері атанды. 

Әлеуметтік желілерде осы жеңіспен қазақстандықтар бір-бірін құттықтап, оған қатысты ізгі ниеттерін жеткізді.

Шулатып мынау байтақ өлкемізді,

Жеткізер алтын - арман ертең ізгі.

Түсірме енді ешқашан, төмендетпе,

Көтерген өз қолыңмен еңсемізді.

Өтсе де әлі қанша жылдың жүзі,

Мәңгі есте қазақтың бұл күміс күзі.

Олимпиада биігін бағындырған,

Аман жүр, қазағымның ТҰҢҒЫШ ҚЫЗЫ, деп ақын Ұларбек Нұрғалымұлы Жазираға өлең арнады.

«ҚазАқпарат» ХАА құттықтауларға қосыла отырып, бүгінгі күннің батыр қызы жайлы қысқаша мәліметтерді назарларыңызға ұсынады.

Жазира Жаппарқұл 1993 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Жазира үйдің кенжесі, алдында алты әпкесі бар.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» факультетінің студенті.

Ол жеті айлық болып, екі келі ғана салмақпен дүниеге келген.  Жазираның спорттағы тұңғыш жаттықтырушысы дене шынықтыру пәнінен сабақ берген әрі спорттың осы түріне алып келген - Дүйсенбек Құрманов. Ол алғаш рет жаттығу залына сегіз жасында келген.

Ауыр атлетиканы таңдаған Жазираға ата-анасы Әбдірахман мен Күлайхан және қарсылық танытқан. Тіпті «ауыр атлетика қыз баласына тән емес» деп те талай кеңес берген олар Жазираның бұл қылығын балалыққа балап, уақыты келгенде спорттың бұл түрінен қол үзеді деп сенген. Тіпті жаттығуға жібермей қойғанда ол терезеден шығып қашып кететін болған.

Жазира Жаппарқұл алғашқы халықаралық жүлдесін 2010 жылы Сингапурде өткен жасөпірімдер арасындағы жазғы олимпиадада алды. Ол бұл жарыста 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша алтын медаль иеленді. 2012 жылы Гватемалада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде де чемпион атанды.

2013 жылы Мьянмадағы жастар арасындағы Азия чемпионатында 20 жастағы Жазира штанганы жұлқа және серпе көтеруде  232 келіні бағындырып, күміс медаль алды.

2014 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында, 69 келі салмақ дәрежесінде 262 келі нәтижемен күміс медаль алды.

2015 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұл жұлқа көтеру сайысында 116 келіні бағындырып, төртінші орынға табан тіреді. Қос сайыстың нәтижесінде 256 ұпай жинаған Жазира әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Әлем чемпионы атағы екі сайыста 263 келі көтерген қытайлық Сян Янмейге бұйырса, ресейлік Анастасия Романова қола медальді қанағат тұтты.

Осы жолы «Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) сайты Жазира Жаппарқұлды «ауыр атлетикадан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақ қызы» деп жазды.

Спортшының Олимпиадаға жаттығуы барысынла Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни:  «Жаппарқұл - Қазақстан ауыр атлетика мектебінің түлегі. Оның әлем чемпионатындағы күміс жүлдесін олимпиадада алтынға ауыстыруға мүмкіндігі бар», деп мәлімдеді.

«Енді тек олимпиадаға дайындалып, жанкүйер үмітін ақтауым керек. Арманым - қыздар арасында қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы болу», - деді Жазира Жаппарқұл жыл басындағы сұхбаттарының бірінде.