***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Ақтау қаласында Президент облыс активімен, көрнекті жұртшылық, зиялы қауым өкілдерімен, мұнай компаниялары еңбек ұжымдарының өкілдерімен кездесіп, Жаңаөзен қаласында орын алған қайғылы оқиғалар мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру, қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың жұмыс істеуін жолға қою, сондай-ақ жұмыстан шығарылған еңбеккерлерді жұмысқа орналастыру жөнінде барлық шараның қабылданатынын атап өтті. Сонымен бірге, Президент Қазақстан заңнамаларының барлық талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы облыс активіне жаңа әкімді таныстырды. Маңғыстау облыстық мәслихатының келісімімен өңір әкімі лауазымына Бауыржан Мұхаметжанов тағайындалды.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Астанада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның мәжілісі мен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Алғашқы Мәжілісте Қ.Саудабаев Елбасы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан кейін ТМД елдері мен алыс шет елдерден келген 700-ден астам адам Қазақстан Республикасының азаматтары болатынын мәлімдеді. Ал екінші отырыс барысында Байланыс және ақпарат, Көлік және коммуникациялар министрлерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Соңында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының бұлжытпай сақталуы жөнінде ұсыныстар мен нақты тапсырмалар берілді.
***
Айтыс өнерін әлемдік деңгейде айшықтап, ЮНЕСКО-ның қорғауына өткізу мәселесі соңғы кезде жиі көтеріліп жүр. Енді әлемдік қаумдастық төрінде айтыс тәрізді бекзат өнер қай халыққа, қай ұлтқа тиесілі деген мәселе талқыланып жатыр. Осы орайда «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Олжас айтыс өнерін ЮНЕСКО деңгейінде қорғауға дайын» деген тақырыппен мақала жарияланды. Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы елшісі Олжас Сүлейменов басылымға: «Егер тиісті органдар ЮНЕСКО-ға хат жазса, оның қазақ ұлтына тиесілі екендігін дәлелдеп қорғап шығуға дайынмын. Айтыс өнер ретінде БҰҰ-ның ЮНЕСКО комиссиясының бағдарламасына тіркелді. 2013 жылдан бастап ЮНЕСКО арқылы қаржыландырылып қалуы әбден мүмкін», - депті.
***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі, Алматы қаласының бір кездегі әкімі Виктор Храпуновқа қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс екі айдан бері тергеліп жатыр. Бұл ақпаратты ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров растап отыр. Ақпарат «Храпуновқа қатысты бірнеше қылмыстық іс тергелу үстінде» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ерлан Арынмен арадағы сұхбат «Маған әулиелерге кесене орнату кейінге қалдыруды күтпейтін, заңды түрде орындалуы тиіс нәрседей көрінеді» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазір дәуір басқа, жағдай басқа, өмірге көзқарас та бөлек. Қазақ әлемдегі бәсекелес ұлтқа айналып келеді. Тілдің шеберлігі емес, технократизм, компьютермен жұмыс басым», - дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин Елбасын ағымдағы жылдың 17 желтоқсанында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берілген тапсырмалардың орындалуын ұйымдастыру барысы туралы хабардар етсе, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев Президентке арнайы комиссияның Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке байланысты туындаған әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық және өзге проблемаларды жедел шешу жөніндегі жұмысы туралы баяндады.