Олжас Бектенов Абай облысының активіне жаңа әкімді таныстырды

Фото: Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Абай облыстық мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Депутаттарға Мемлекет басшысының Абай облысының әкімі лауазымына екі кандидатты – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Абай облысы Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиевті ұсыну туралы хаты оқылды. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 126 депутаттың 102-сі Берік Уәлидің кандидатурасына дауыс берді. Болат Әбдіралиевтің кандидатурасын 24 депутат жақтады. ҚР Президентінің тиісті Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды. 

Фото: Үкімет

Облыс активімен кездесуде Премьер-министр өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін Нұрлан Ұранхаевқа алғыс білдірді. 

Фото: Үкімет

Олжас Бектенов облыстың жаңа әкімі Берік Уәлиді таныстырды. Өңір басшылығы алдына Президент экономиканы әртараптандыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға баса назар аудара отырып, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөнінде ауқымды міндеттер қойғаны атап өтілді. Алакөл көлінің, өңірдегі тарихи және мәдени орындардың әлеуетін аша отырып, туризм саласына ерекше көңіл бөлу қажет. 

Фото: Үкімет

Абай облысы Ресей және Қытаймен шектеседі, халықаралық транзиттік сауда торабы саналады, сондықтан қолда бар транзиттік әлеуетті барынша пайдалану қажет.

Аягөз-Тачэн бағытындағы теміржол және «Бақты» құрғақ порты құрылысы бойынша маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін бақылауда ұстау тапсырылды. Сондай-ақ өңір халқын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалғанын жазған болатынбыз.