Олжас Бектенов: Бизнесті қолдаудың бюджеттен де басқа тетіктерін қарау қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы ішкі бизнесті қолдауда бюджет қаражатынан бөлек тетіктерді қарастыру керектігін айтты.

Фото: Kazinform

«Қуатты әрі бәсекеге қабілетті бизнес табысты экономиканың негізгі факторы. Бұл – аксиома. Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеті. Жалпы, мемлекеттік қолдау саралануға тиіс. Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экспорттық әлеуетіне басымдық берген жөн. Қаржылай қолдау өндірістің технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты көрсетілуі керек», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

О.Бектеновтің айтуынша, күрделі өндіріспен және технологияларды кеңінен қолданатын кәсіпкерлерге кредитті төмен ставкамен және ұзақ мерзімге берген абзал. 

«Отандық бизнеске қаржыландыру қолжетімді болуы тиіс, оның ішінде бюджеттен басқа көздерді пайдаланып, кепілдік беру тетіктерін кеңейту қажет. Бұл – Ұлттық экономика министрлігі мен даму институттары үшін маңызды міндет. Сондай-ақ бұл жергілікті кәсіпорындарға шетелдік жеткізушілермен бәсекелесуге мүмкіндік береді», - дейді ол.