Олжас Бектенов бірқатар министрлікке тапсырма берді

АСТАНА.KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында көлік, энергетика, агроөнеркәсіп және су ресурстары салаларына бірқатар тапсырма берді.

Премьер-министр

Үкімет басшысы Көлік министрлігіне барлық көлік өткізу бекеттерін салу және жаңғырту жұмыстарын келесі жылы аяқтауды, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосуды, «Көкшетау – Петропавл» күре жолын кеңейтуді және Астанада екінші әуежайдың құрылысын бастауды тапсырды.

– Автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы аясында мердігер ұйымдардың жауапкершілігі мен техникалық қадағалауды күшейту жөніндегі шаралар әзірлеуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.

Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, электр стансалары жобаларын іске асыру мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету және 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарау міндеттелді. Сонымен қатар жаңа атом электр стансаларын шикізатпен қамтамасыз ету үшін уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру тапсырылды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеуді қолдауға арналған ұзақмерзімді несиелеу бағдарламаларын іске асыру тапсырылды.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, «Е-Агроөнеркәсіп кешені» цифрлық платформасын әзірлеуді және 2027 жылы салалық Data Lake құруды аяқтауы қажет.

Су ресурстары саласында Премьер-министр 15 желтоқсанға дейін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігіне Су ресурстары министрлігімен бірлесіп, 2027 жылғы қаңтарға дейін ауызсуды тұтыну саласындағы тарифтік реформаны аяқтау міндеттелді.

Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Су ресурстары министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, суды көп тұтынатын кәсіпорындарды айналымды және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйелеріне көшіру тетіктерін әзірлеу тапсырылды.

Бұған дейін, Олжас Бектенов өңірлердің инфрақұрылымдық жобаларын жыл соңына дейін анықтауды тапсырған еді.