О. Бектенов кездесу барысында Қазақстан мен Чехия арасында қарым-қатынас дамып келе жатқанын, бұл ел Еуропа одағындағы маңызды әрі сенімді серіктестердің бірі екенін айтты. Осы орайда Чехия Премьер-министрінің Қазақстанға сапары ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды нығайтуға қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, ҚР Үкімет басшысы бүгін елордадағы Қазақстан-Чехия бизнес форумы тікелей байланыстарды нығайтуға серпін беретінін сөз етті.
Олжас Бектеновтің сөзіне қарағанда, Чехия Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда және экономикалық серіктестерінің бірі. Бұл ретте тауар айналымы көлемі артып келеді.
Мұнымен қоса Премьер-министр елімізде чех капиталының қатысуымен 150-ге жуық компания бар екенін айтты.
Үкімет басшысы Чехия кәсіпкерлерінің Қазақстанға инвестиция салуын құптайтынын және оңтайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау жасалатынын атап өтті.
— Бұл шаралар елімізде жүргізіліп жатқан кешенді әлеуметтік-экономикалық реформаларымызға сәйкес келеді. Жалпы, Қазақстан Үкіметі Чехиямен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі және экономиканың басым салаларында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Чехия арасында өнеркәсіптік ынтымақтастық нығая түсетінін жазған едік.