Олжас Бектенов деректерді қорғауға баса назар аударуды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов деректерді қорғауға баса назар аударуды тапсырды.

Фото: Үкімет

Бүгін Үкімет отырысында Олжас Бектенов телекоммуникация саласын дамыту мәселесі бойынша баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтен: «Цифрландыру деңгейі өскен сайын киберқауіпсіздік мәселесі өткір болады. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар», — деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген Вице-премьердің айтуынша, байланыс операторлары желіні тәулік бойы бақылайды. Осал тұстарын көргенде түзетеді.

— Олар желіні DDoS кибершабуылдардан қорғайды, деректердің сақтық көшірмесін жасайды. Ал байланыс үзілмеуі үшін қосалқы желілер мен қуат көздері қарастырылған. Ауқымды кибершабуыл болған кезде операторлар тиісті қызметтермен бірлесіп жедел әрекет етеді. Біз операторлармен бірлесіп осы желінің қорғау жүйесін үнемі жетілдіріп келеміз, — деді Жаслан Мәдиев.

Осы орайда Үкімет басшысы деректерді қорғау маңыздылығын ерекше атап өтті.

— Деректерді қорғау өте маңызды мәселе, назар аударыңыздар, — деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, Қазақстан әлемдегі 4 спутниктік байланыс операторының жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болады.