Олжас Бектенов елімізде құрастырылатын жүк көліктерінің әлемдік брендтерін атады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде әлемдік брендтердің жүк көліктерін шығару қолға алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

- Импортты алмастыру мәселесінің де маңыздылығын атап өтемін. Қазақстанның логистикалық әлеуетін дамыту және отандық тасымалдаушылардың автопаркін жаңарту мақсатында ауыр жүк көліктерінің халықаралық брендтерін локализациялау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде HOWO, SITRAK және Scania жүк көліктерін шығару қолға алынды. Бұдан бөлек, олардың құрамдас бөлшектерін локализациялауға басымдық беріліп отыр, - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, осы жылдың соңына дейін Алматыда Volvo жүк тартқыштарын өндіруді бастау жоспарланған, ал Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Аталған жобалар уақытылы жүзеге асырылып, іске қосылуға тиіс.

- Мұндай жұмыстарды кепілді сұраныспен тиісті қолдау шараларын қамтамасыз ете отырып, басқа да жоғары технологиялық бағыттар бойынша жүргізу қажет, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Үкімет басшысы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың отандық кәсіпорындардан тауар сатып алу көрсеткіші небәрі 17 пайызды құрап отырғанын айтқан еді.