Премьер-министрдің айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту газ саласының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, жаңа перспективалы учаскелерді геологиялық зерттеу жұмыстарына тартуды жеделдету міндеті қойылды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы газ тасымалдау жүйесін дамытудың маңыздылығына да тоқталды. Оның сөзінше, Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбырының екінші желісі мен Есіл–Астана жаңа газ құбырын салу жобалары стратегиялық мәнге ие.
Бұл жобалар Астана қаласын, оңтүстік және солтүстік өңірлерді газбен қамтуды жақсартып, өнеркәсіптің дамуына серпін береді және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырады.
Бүгінде Қазақстан халқының шамамен 65%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысы газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жөнінде міндет қойған.
Премьер-министр өңір әкімдіктеріне магистральдық инфрақұрылым нысандарын іске қосу мерзімдерін жергілікті газ тарату жүйелерінің дайындығымен үйлестіруді тапсырды.
— Тиімділіктің басты көрсеткіші тартылған құбырлардың ұзындығы ғана емес, үйлерінде газ пайда болып, желіге нақты қосылған абоненттер саны болуы тиіс, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында газ саласын цифрландыру мәселесі де қаралды. Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне Энергетика министрлігімен бірлесіп, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын құруды тапсырды.
Сондай-ақ сұйытылған мұнай газы нарығындағы жағдайға назар аударылды.
Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, бір ай ішінде сұйытылған газ өндіру көлемін арттыру жоспарын әзірлеу міндеті жүктелді.
Айта кетейік, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2% жеткені белгілі болды.