Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құруды басты мақсат ретінде айқындады.
– Оған қол жеткізу үшін еліміздің мол әлеуеті мен қазіргі заманғы инновациялық жағдайда ашылып отырған орасан зор мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануымыз қажет, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының сөзінше, Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы экономиканың барлық саласында түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер жүргізуге және реформаларды іске асыруға жол ашады. Сонымен қатар бұл жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға тың серпін бермек.
– Бұл Жолдау – алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат. Оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз керек, – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Үкімет Президент Жолдауын іске асыру шараларын қарастырады.