Олжас Бектенов Kids go free бағдарламасын жалғастыруды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов Kids go free бағдарламасын жалғастыруды тапсырды.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтан Kids go free бағдарламасы биыл да жалғасу мүмкін бе екендігін сұраған еді.
«Жалғастырамыз. 2022 жылы бағдарламаны 700 бала қолданса, өткен жылы олардың саны 2 мыңға жетті», - деп жауап берді министр.
Осы орайда Үкімет басшысы да Kids go free бағдарламасын жалғастыру қажеттігін баса айтты.
«Бұл ішкі туризмді дамытуға бағытталған жақсы бағдарлама деп ойлаймын. Жалғастырыңыз», - деді Олжас Бектенов.
Kids go free бағдарламасының мынадай басымдықтары бар:
• ел ішінде кез келген қалаға 2 мен 17 жасты қоса алғандағы аралықтағы балалар тегін ұшады.
• ұшақ билеті туристік компаниялар арқылы алынады.
• тегін билет бала санына қарамайды, яғни ата-ана қанша баламен ұшса да, ол тегін болмақ. Бағдарламаның бұл артықшылығы әсіресе, көпбалалы отбасыларға өте тиімді.
• Kids Go Free бағдарламасы енгізілген туристік компаниялар саны күннен-күнге артып келеді.
• жоба қолданушылары өссе, тегін ұшуды рәсімдеп беретін турфира саны да артады.
Тегін әуе билеттерін алуда еш кедергі жоқ. Себебі ата-анасымен бірге саяхаттайтын бала саны мен саяхаттау көлеміне шектеу болмайды. Саяхатқа шыққан әр баланың жол жүру билетін мемлекет өз мойнына алды.