Олжас Бектенов көкөніс бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Көкөністің артылған өнімін экспортқа шығару керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Қазіргі таңда басты міндет – егін орағын уақтылы аяқтап, жиналған өнімді сақтап қалу. Элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ бидайды кептіруге арналған қуаттардың толық дайындығын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ астықты ысырап қылмай, сапасын жоғалтып алмау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек. Күн райы жұмыс қарқынына, өнімнің сапасы мен көлеміне әсер етпеуге тиіс. Экология министрлігі диқандарға ауа райы болжамы туралы мәліметті егін орағы аяқталғанша күнделікті беріп тұрсын. Жеңілдікті дизель отынының қолжетімділігіне баса назар аудару қажет, - деді Премьер-министр.

Осы орайда Үкімет басшысы Энергетика министрлігінне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау науқаны мен астықты кептіру жұмыстары толық аяқталғанша жанармайдың үздіксіз жеткізілуін, сондай-ақ отын қорын бақылауда ұстауды тапсырды.

- Тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын - қалыптасқан қарқынмен жалғастыру. Жоспарланып отырған өнім көлемі ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге де, дәстүрлі көлемдегі өнімді экспортқа жөнелтуге де жеткілікті. Қысқы және көктемгі кезеңдерге көкөніс, әсіресе картоп қорын дайындап алу басым бағыт болып қала береді. Егін орағы кезінде қажетті көлемдерді алдын ала келісімшарт арқылы уақтылы сатып алып, сақтауға қою керек. Өңір әкімдіктері бұл мәселені бақылауда ұстап, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге тиіс. Бұл ретте өнімнің артылған көлемін экспортқа бағыттау қажет. Сауда және Көлік министрліктері шаруаларға өнімді өткізу нарықтарын іздестіруге және сатуға жәрдемдесуге тиіс, - деді Олжасс Бектенов.

Премьер-министр ел ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесін кезең-кезеңімен арттыру маңызды екенін айтты.

- Біз терең өңдеу өндірісін дамытып, кейіннен қосылған құны жоғары дайын өнімді сыртқы нарықтарға шығаруға тиіспіз. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін заманауи зауыттың ашылуы аталған бағыттағы маңызды қадамдардың біріне айналды. Мұндай өндірістің іске қосылуы шаруаларды ынталандыра түсіп, отандық шикізатқа кепілді сұраныс қалыптастырады. Бұған қоса, биыл жүгері алқаптарының көлемі 60%-ға ұлғайтылды. Тиімді инвестициялық жобаларды іске қосу арқылы саланы одан әрі дамытып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өңдеу саласын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге болады, - деді ол.

Сонымен қатар Үкімет басшысы егіншілерді заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру тәжірибесін жалғастыру қажеттігін айтты.