Олжас Бектенов көлік саласындағы ірі инвестициялық жобалар бойынша кеңес өткізді

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Онда Қауіпсіздік Кеңесі отырысында айтылған Президент тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаров, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев баяндама жасады.

Көлік министрлігінің деректері бойынша 2025 жылға қарай 13 мың шақырым автожол, 6,1 мың шақырым темір жол жұмысымен қамтылған және 6 әуежайды жаңғыртылып, салынып жатыр. Сонымен қатар су көлігі саласында 2 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Теміржол көлігі саласында жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын бес ірі жоба: «Достық – Мойынты» учаскесінің (836 км) екінші жолдың құрылысы, Алматы стансасының айналма жолы (75 км), «Дарбаза – Мақтаарал» темір жол желісінің (152 км) құрылысы жүзеге асырылып жатыр. «Қызылжар – Мойынты» учаскесінде жұмыстар басталды: ҚТЖ деректері бойынша бірінші жартыжылдықта аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ «Бақты – Аягөз» (272 км) жобасы туралы айтылды. «Достық – Мойынты» және Алматы стансасы айналма жолы жобалары мерзімінен бұрын орындалып жатыр.

Сонымен қатар жұмыс теміржол желісінің жекелеген учаскелерін қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін жалпы 11 мың шақырым темір жолды жөндеуден өткізу жоспарланса, биыл жалпы сомасы 177 млрд теңгеге 1 480 шақырым жол жаңғыртылады. Сонымен қатар 2025 жылы аяқталатын 125 вокзал кешенін реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.

Автожол құрылысы саласында биыл 13 мың шақырымға жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2,2 мың шақырымы – реконструкциялау бойынша жобалар, 6,6 мың шақырымы – жөндеу, сондай-ақ 4,2 мың шақырымы – жергілікті желіні жөндеу жұмыстары. Қазіргі уақытта 9 мың шақырым жол жаңғыртылып жатыр. Ұзындығы 1 083 шақырым болатын ауыспалы жобаларды реконструкциялау жалғасып жатыр, оның ішінде жыл соңына дейін 847 шақырым жол жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Жаңа жобалар қатарында «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысы бар. Ол Астанадан Ақтау порты бағытындағы транзиттік бағыттардың қашықтығын 889 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Ақтөбе – Ұлғайсын» (234 км), «Қарағанды – Жезқазған» (572 км) учаскелері бойынша жұмыстар басталды.

Жиын барысында Премьер-министр жол жұмыстарының сапасы мәселесін көтерді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің (АӨЖ) жұмысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта республикалық жолдарда осындай 27 кешен жұмыс істейді. 2025 жылға тағы 25 АӨЖ орнату жоспарланған, 2026 жылы олардың жалпы саны 126 бірлікке дейін жеткізіледі.

Арнайы датчиктер көмегімен автоматтандырылған өлшеу жүйелері шамадан тыс жүктемені анықтау және жол жамылғысының бұзылуын болдырмау үшін көлік құралдарының өлшемдері туралы ақпаратты жедел түрде жібереді.

Авиация саласында Қатонқарағай, Зайсан, Кендірліде үш жаңа әуежай салу, сондай-ақ Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Павлодар және Балқаш әуе айлақтарында инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр.

Су көлігі саласында Ақтау портын тереңдету жұмыстарын бастау осы жылдың шілде айында жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025 жылы сауда флотын дамыту аясында 8 бірлік кеме, оның ішінде 6 құрғақ жүк кемесі және 2 паром сатып алынады.

Премьер-министр жоспарланған барлық жобаны кешенді әрі жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

– Көлік саласы соңғы 5 айда 24% өсімді көрсетті. Көлік энергетикалық және басқа инфрақұрылыммен бірге кез келген экономикалық дамудың негізі саналады. Неліктен Президент пен Үкімет бұл мәселемен айналысып жатыр: егер біз қазір инвестиция салмасақ, онда ұзақмерзімді экономикалық өсу болмайды. Біз барлық қажетті ресурсты бөлеміз. Барлық салалық құрылымның міндеті – аталған қаражатты мақсатсыз пайдаланбай және барлық нысанды уақытында тапсыру. Барлық нысан осы жылдың Экономикалық өсу жоспарына енгізілген. Бұл қысқамерзімді нәтижеге қатысты және тұтастай алғанда – бұл алдағы 10 жылдағы тұрақты экономикалық өсудің негізі, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиын соңында Көлік министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қорына және өзге де жауапты ұйымдарға бірқатар тапсырма берілді.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға $35 млрд инвестицияланды.