Олжас Бектенов коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын енгізуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл табиғи монополиялар салаларында реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну мөлшеріне қарай тұтыну нормалары енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Мемлекет басшысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойды. Энергетика министрлігі қаржылық даму институттарымен бірге 1 қарашаға дейін жаңа генерация объектілерінің құрылысына ұзақ мерзімді несие беру механизмдерін әзірлесін», - деді ол.

Осы орайда Премьер-Министр атом станциясының құрылысы бойынша референдум өткізілетін күн белгілі болғанын, Мемлекет басшысы кеше тиісті Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

«Осыған байланысты Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге республикалық референдумды ұйымдастыру және 6 қазанда сапалы өткізу жөнінде шаралар қабылдауы қажет», - деді Олжас Бектенов.

Мұнан бөлек, Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге биылғы 1 қарашаға дейін Үкіметке Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту туралы қаулы жобасын енгізуды тапсырды.

«Сондай-ақ Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап нақты тұтыну нормаларын енгізу қажеттігін атап өтті. Сондықтан адамдарды ресурстарды ұтымды пайдалануға ынталандыру керек. Ұлттық экономика министрлігі биылғы жылдың соңына дейін табиғи монополиялар салаларында реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну мөлшеріне қарай тұтыну нормаларын енгізсін», - деді ол.