Олжас Бектенов Мал және өсімдік шаруашылығындағы деректерді бұрмалау фактілерін жоюды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мал және өсімдік шаруашылығындағы деректерді бұрмалау фактілерінің жолын кесуді тапсырды.

Фото: Үкімет

«Ауыл шаруашылығында дихандарды қаржыландыру жүйесін қайта қарау тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаржы-экономикалық блокпен және Бәйтерек холдингімен бірге тікелей субсидия беруден төмендетілген ставкалар бойынша қолжетімді несие беруге біртіндеп көшу механизмін әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмысқа екінші деңгейдегі банктерді тарту қажет. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы деректерді бұрмалау фактілеріне қатысты саланы цифрландыру жұмысын күшейту және деректерді кез келген бұрмалап берудің жолын кесу қажет. Сондай-ақ Бас прокуратурамен бірге жерді алудың оңайлатылған тәртібін әзірлеп, қабылдасын», - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы еліміздің орман алқаптарын ұлғайтуды, оның ішінде «Семей орманы» резерватының тұқымдық материал өсірудегі тәжірибесін пайдалануды тапсырғанын атап өтті.

«Экология министрлігі осы жобаны орманды өңірлердің бәріне таратуы керек. Экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қоршаған ортаны таза күйінде сақтаудың және «Таза Қазақстан» экологиялық науқанының жалғасына айналуға тиіс. Бұл Тұжырымдаманы осы айдың соңына дейін қабылдау қажет», - деді Премьер-Министр.