Энергетика министрлігі: мұнай-газ химиясы — бұл тек жаңа табыс көзі емес
АСТАНА.KAZINFORM — Kazakhstan Energy Week аясында «Мұнай-газ химиясының перспективалары: орта державалардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.
Жиынға саланың негізгі өкілдері қатысты: Диаз Диянов, «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма Төрағасы, Дамир Ашимов, «KPI Inc.» ЖШС Басқарма Төрағасы, Чингиз Суртаев, «Бутадиен» ЖШС Бас директоры, Дулат Салимбаев, «Intertrans C.A.» ЖШС Алкилат жобасының басшысы, Чэнь Даю, «СНПС-Актобемунайгаз» АҚ Бас директордың орынбасары, Хабибулла Каримов, «Силлено» ЖШС департамент директоры. Алғы сөзінде ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Уркумбаев мұнай-газ химиясының дамуы экономиканы әртараптандырудың басты бағытына айналып отырғанын атап өтті.
— Мұнай-газ химиясы — бұл тек жаңа табыс көздері ғана емес. Бұл — жаңа жұмыс орындары, экспорттық түсімдер және экономиканың орнықты дамуы. Қазақстан үшін шикізаттық модельден терең өңдеуге көшу — стратегиялық қажеттілік, — деді Темірлан Уркумбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан серпіліс жасау үшін барлық жағдайға ие: ірі кен орындары — Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ, дамыған инфрақұрылым мен логистика. Дегенмен, терең өңдеудің үлесі әлі де жеткіліксіз, бұл экономиканың мультипликативтік әсерін төмендетпек.
Талқылау барысында саланың негізгі сын-қатерлері аталды: шикізат экспортына және әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасына тәуелділік; өнеркәсіптік әлеуеттің толық пайдаланылмауы; декарбонизация мен ESG-стандарттарына бейімделу қажеттілігі. Саланы жүйелі дамыту үшін Энергетика министрлігі 2024–2030 жылдарға арналған мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі. Құжатта 34 іс-шара мен алты басым бағыт қамтылған. Жалпы құны шамамен 15 млрд АҚШ долларын құрайтын 6 ірі жобаны жүзеге асыру көзделген, бұл 19 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Басты бастамалардың бірі — қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна болатын полиэтилен зауытын салу. Жоба 2029 жылы іске қосылады және 20-дан астам полиэтиленнің сұранысқа ие маркаларын, соның ішінде премиум-классын өндіреді. Бұл шамамен әлемдік нарықтың 1%-ын құрайды. Сонымен қатар бутадиен, карбамид және алкилат өндірісі бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
2022 жылы қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін KPI Inc. зауыты іске қосылды, ол әлемдегі ең ірі өндірістердің бірі болып саналады. Энергетика министрлігі мүдделі тараптармен бірлесіп, «Мұнай-газ химиясы туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Оның мақсаты — саланың орнықты дамуына ықпал ететін ашық, тиімді және болжамды нормативтік орта құру. Заң жобасында шикізат базасына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, қажетті инфрақұрылымды дамыту және ішкі нарықты отандық өндірістің өнімдерімен басымдықты қамтамасыз ету қарастырылған. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының қосымша құнды арттыру және ірі жобалардағы жергілікті қамтудың үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік жанынан қазақстандық компанияларды мұнай-газ химиясы секторында қолдау жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Айта кетейік, Үкімет басшысы осы форумда Қазақстанда мұнайды терең өңдеу 94 пайызға жететінін айтты.