Олжас Бектенов металлургиядағы өндіріс көлемін ұлғайтуды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жаһандық құн тізбегінің орта буынындағы рөлін нығайту маңызды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Металлургияда жыл соңына дейін болат құю, жалпақ прокат және шойын өндірісі кәсіпорындарының өнім көлемін ұлғайту қажет. Бұл секторды дамыту үшін Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2028-ші жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Онда инвестициялар мен өндіріс көлемін 40 пайызға арттыру көзделген», - деді Үкімет басшысы.
Сондықтан Олжас Бектенов Өнеркәсіп министрлігіне аталған бағыттағы жұмысты айтарлықтай күшейту қажеттігін ескертті.
«Қазақстанның жаһандық құн тізбегінің орта буынындағы рөлін нығайту маңызды. Ол үшін Өнеркәсіп министрлігі бизнес-қоғамдастықпен бірге минералдық базаны ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және қолданыстағы өндірістерді кеңейту жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет», - деді ол.