Үкімет басшысының айтуынша, ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болатын бағдарламаның нәтижесі Үкімет пен әкімдіктердің үйлесімді жұмысына байланысты.
– Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, жылдың соңына дейін өңірлердің инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарға деген қажеттілігіне талдау жасап, нақты жобалар тізбесін қалыптастыруы қажет. Бұл жергілікті жолдарға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желілеріне, сондай-ақ білім беру, мәдениет және медицина мекемелеріне де қатысты, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр құрылыс жұмыстарын отандық материалдармен және жабдықтармен қамтамасыз етудің маңыздылығына да тоқталды. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаларды іске асыруға қазақстандық өндірушілерді кеңінен тарту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғыртуға, отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайтуға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
– Осыған байланысты Өнеркәсіп және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне бір ай ішінде фермерлер үшін ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды арттыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр геологиялық барлау тәсілдерін жетілдіру және стратегиялық маңызы бар металдардың қорын тиімді басқару мәселелеріне де тоқталды.
– Өнеркәсіп министрлігі Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасының жүйелерін интеграциялау мен құрылымдауды, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалана отырып қамтамасыз етуі қажет, – деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, цифрлық және «жасыл» технологиялардың дамуы, сондай-ақ автомобиль жасау саласындағы сұраныстың артуы сирек кездесетін металдардың маңызын күшейтіп отыр. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігі мұндай металдардың қорларын тиімді басқарудың ұлттық жүйесін құруы қажет.
Сонымен қатар 15 желтоқсанға дейін бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, тау-кен металлургия саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты шаралар әзірленуге тиіс. Оның ішінде өнімдерге кепілдік берілген сұранысты қамтамасыз ететін оффтейк-келісімшарттар тетігін қолдану көзделген.
Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бұрын қабылданған заңнамалық нормаларды іске асыру жөнінде шаралар қабылдап, өңірлердің кластерлік дамуы бойынша келісілген шешімдер әзірлеуі қажет.
Айта кетейік, Олжас Бектенов Пезидент жариялаған «Халықтық құрылыс» азаматтардың әл-ауқатының артуына серпін береді.