Олжас Бектенов: Орталық Азияда жүк транзитінің бәсекесі артып келеді

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Қытай мен Еуропаның арасындағы жүк транзитіне қызмет көрсету үшін Орталық Азияның өз ішінде бәсеке өрши бастағанын айтты. 

«Қыркүйек айындағы Мемлекет басшысының Түркменстан еліне сапары барысында қол қойылған келісім осы ел арқылы транзиттік тасымалды арнайы рұқсатсыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру бағытында нақты міндеттер қойды. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін біз қолданыстағы теміржол мен логистикалық орталықтарды жаңғыртып, жаңаларын салып жатырмыз. Сондай-ақ вагон паркін жаңарту жұмыстары да тұрақты жүруде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2029-шы жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін, ал транзит жиырма футтық баламадағы 2 млн контейнерге дейін өседі», - деген Үкімет басшысы саладағы проблемаларға да тоқталды.

Премьер-министр бұл салада Орталық Азия елдерінің өз арасында бәсеке өсіп келе жатқанына ерекше тоқталды. 

«Орталық Азия елдерінің көпшілігі өз инфрақұрылымын дамытып, халықаралық көлік бағыттарындағы ойыншылардың қатарынан орын алуға талпынып отыр. Сондықтан ел аумағындағы инфрақұрылым мүмкіндіктерін арттыра түсуіміз керек. Кедергілер мен шектеулерді алып тастап, «Шығыс-Батыс» бағытындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайту қажет», - деді Олжас Бектенов.