Олжас Бектенов Өскемендегі жарылысты жеке бақылауына алды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі кәсіпорындардың бірінде болған жарылысты жеке бақылауына алды.

Фото: ТЖМ

— Біріншіден, Өскеменде болған жарылысқа қатысты таңертең қажетті тапсырмаларды бердім. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктері, облыс әкімдігі қажетті шаралар қабылдап, маған баяндаңыздар. Мәселе менің жеке бақылауымда болады, — деді Үкімет отырысын ашқан Премьер-министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өскемен қаласында орналасқан кәсіпорын аумағында апат болды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шаң сүзу цехындағы құрылғыда газ бен ауа қоспасы жарылып, соның салдарынан өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі опырылған.