Олжас Бектенов отандық өндірушілер тізбесін жалған кәсіпорындардан таза ұстауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне отандық өндірушілер тізбесін жалған кәсіпорындардан таза ұстауды тапсырды.

Фото: ҚР Үкіметі

«Сіз баяндамаңызда бірыңғай реестр туралы айттыңыз. Оған іріктеу процесі қалай жүреді?» - деп сұрады Үкімет басшысы.

Министр Қ.Шарлапаев іріктеу кезінде екі мәселеге басымды берілетінін айтады.

«Қазіргі таңда цифрлық құралдарға басымдық беріп отырмыз. Ең алдымен Қаржы министрлігінде, Цифрлық даму министрлігінде бүкіл кәсіпорындар туралы толық ақпарат бар. Осы ақпаратты пайдалана отырып, біз шынайы өндірушілерді анықтаймыз. Мысалы, кәсіпорынның қуаттылығы, қызметкерлердің саны туралы және басқа да ақпараттарды жинап, шынайы өндірушілерді іріктейміз», - дейді ол.

Сондай-ақ, елде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірісіндегі жергілікті мазмұнның үлесі де ескерілетін көрінеді.

«Екіншіден, локализация деңгейін тексереміз. Яғни, өндірушілер Қазақстанның шикізатын пайдаланып отыр ма, басқа қазақстандық кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істей ме, соған мән береміз», - деді министр.

Премьер-министр аталған реестрге жалған өндірушілер кірмеу керектігін баса айтты.

«Жалған өндірушілер дейтін өте маңызды мәселе. Ондай бар, біз білеміз. Олар мына реестрге кірмеу керек», - деді О.Бектенов.