Олжас Бектенов шекаралық және тораптық станцияларда жүктерді өңдеу уақытын қысқартуды тапсырды

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігі бір ай мерзімде шекаралық және тораптық станцияларда жүктерді өңдеу уақытын қысқартатын қосымша шаралар әзірлеуі қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

— Теміржол саласында түпкілікті цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыру қажет. Көлік министрлігіне «Қазақстан темір жолы» компаниясымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде шекаралық және тораптық станцияларда жүктерді өңдеу уақытын қысқарту, жұмыс кестелерінің болжамдылығы мен жүк жөнелтушілер үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар әзірлеуді тапсырамын, — деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, желтоқсан айында мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары аяқталатынын, жақын арада 5 өткізу пункті іске қосылатынын айтты.

— Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы контурындағы барлық өткізу пункттері халықаралық стандарттарға сай болып, жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз етеді. Бұл ретте ішкі контурда Көлік министрлігі «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірге жұмыс қарқынын жеделдетіп, өткізу пункттерінің құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауы қажет. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда, — деді ол.

Үкімет басшысы көлік жолдарының бойындағы сервистік инфрақұрылымның жай-күйі де маңызды мәселе екеніне назар аудартты.

— Көлік министрлігі «ҚазАвтоЖол» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, халыққа және жалпы тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. Бұл ретте жеке инвестицияларды белсенді тарту керек, — деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысында еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыланды.