Олжас Құдайбергенов ҚР Ұлттық банкі басшысының кеңесшісі қызметімен қош айтыспақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі басшысының кеңесшісі Олжас Құдайбергенов өз еркімен қызметінен кетеді. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тағы парақшасында мәлім еткен.

«Қоғамда экономикаға қатысты бейтарап пікірлерге деген қажеттілік байқалады. Мен осындай қорытындыға келдім. Ал менің бұл туралы пікірлерім қоғамда «Ұлттық банктің қызметкерінің пікірі» ретінде ғана қабылданып жүр. Өйткені мен ол жерден жалақы аламын ғой. Егер мен бұрын өзімнің пікірлерім мен сараптамаларым үшін тек алғыс алып келсем, қазір бірқатар адамдар оларды жақын қабылдамайтын болды», - деп жазады О. Құдайбергенов.

Ол еңбек келісімшартын 2015 жылдың 1 қаңтарынан әрі қарай ұзартпауды жөн көріпті. Бұл туралы басшылыққа ескертіп те қойған.

«Әрине, кейбір жайттарды әлі нақтылау керек. Бірақ шешім қабылданып қойылды. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Макроэкономикалық зерттеулер орталығына ораламын (биыл ол жақтан маған зерттеулер жасап беру туралы өтініштер жиі түсті). Сонымен қатар мен «тәуелсіз директор» немесе «консультант» болу туралы ұсыныстарды да қарауға дайынмын. Өйткені мұндай лауазымдар мені жұмыс орнына тәуелді етпейді және макароэкономикалық тақырыптарды талқылау аясында міндеттеме жүктемейді», - деді ол.

О.Құдайбергенов сондай-ақ Қазақстан экономистері қауымдастығының атқарушы директоры болып қала беретіндігін жеткізді. Және ол «Taiburyl» қайырымдылық қорының дамуына да ықпал жасайды. Оған қоса, алдағы жылдың қаңтарынан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының бірінде дәріс оқитын болады.

«Дегенмен, мен штаттан тыс кеңесшілік құқығымды сақтап қалдым (бұл төленбейтін қызмет), яғни Қайрат Келімбетовпен бюрократиялық кедергілерсіз тұрақты түрде кездесіп, ұсыныстар айтуға мүмкіндік болады», - деді ол.

Айта кетелік, Олжас Құдайбергенов ҚР Ұлттық банкі басшысының кеңесшісі қызметіне биыл қаңтар айында тағайындалған болатын.