Олжас Құспеков: Шекарашылармен бірге жаттығып, жұмыс жағдайларын зерттейміз
Мәжіліс депутаттары Олжас Құспеков, Максим Рожин, Болат Керімбек және Самат Нұртаза бастамашылық етіп барған сапардың мақсаты – шекарашылардың жұмыс жағдайымен танысу.
«Біздің жұмысымыз – тек заң шығару айналасында ғана шектелмейді, сонымен қатар нақты әрекеттер жасау қажет. Мұнда біз бірнеше апта бойы шекарашылармен бірге дайындықтан өтіп, олардың жұмыс жағдайларын зерттейміз. Оларға ел қорғауда жағдай жасау үшін, қажет жағдайда ұсыныстар енгізетін боламыз. Мұндай тәжірибе біздің қорғаушыларымыздың шекара шебінде кездесетін қиындықтарын түсінуге, сол бағытта жұмыс істеуге көмектеседі», - деп түсіндірді мәжілісмен Олжас Құспеков.
Демек, шекара бекетінде жүргізілген зерттеу және талдау шекаралық қауіпсіздік пен жұмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамалар мен шараларды әзірлеуге негіз болады.
Қазіргі уақытта депутаттар шекара аймағында, таудағы жаттығу лагерінде дайындықтан өтіп жатыр. Кейін олар шекара қорғаушыларының қызметі мен қажеттіліктерін толық түсіну үшін шекара бекетінде жұмысын жалғастыруға ниетті. Зерттеу аяқталғаннан кейін өз ұсыныстарын Мәжіліс отырысында көтеруді жоспарлап отыр.